Астанада «Сахнадан сәлем!» фестивалі басталды

12.06.2017

Астанада 12-17 маусым күндері ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында Ә.Мәмбетовтың 85 жылдығына арналған V «Сахнадан сәлем!» халықаралық театр фестивалі өтеді.

– Фестиваль – театр ұжымдары, артистер, режиссерлар өзара тәжірибе алмасатын шығармашылық алаң. Дәл осындай алаңдарда ғажайып дүниелер пайда болады деп ойлаймын. Шара 2010 жылдан бері Астана күнін тойлау аясында ұйымдастырылып келеді, биыл ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне орай V «Сахнадан сәлем!» театр фестивалі өткізіледі. Астанадағы осы бір тамаша фестивальге Қазақстанның барлық өңірлерінің және жақын әрі шетелдік театр ұжымдары: Ресей, Украина, Дағыстан, Әзірбайжан және т.б. қатысып келеді, – деді Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Биыл шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Әзербайжаннан 10 театр қатысады. Қазақстанның басқа өңірлерінің шығармашылық ұжымдары да көрермен назарына қойылымдарын ұсынады.

Бес күн ішінде қала тұрғындары мен көрермендері Шекспердің «Асауға тұсау» комедиясын, А.Чеховтың «Человек в футляре» театрландырылған нұсқасын, М.Әуезов пен К.Ысқақтың «Қараш-Қараш» драмасы сынды 10 қойылымды тамашалай алады.

Сахналық өнер марафонына драматург Еркін Жуасбек, театр және кино режиссеры Талғат Теменов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәния Қабдиева сынды танымал сыншылар шақырылды.

Фестиваль театр өнері саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, Қазақстанның мәдениетін дамытуға, әлемдік классикалық драмалық шығармаларды насихаттауға, классикалық драматургия үлгісінде жастарды тәрбиелеуге ықпал етеді.