«Астаналық» саябағы қайта жөндеуден кейін қаншалықты өзгерді?

Елорданың басты саябағын күрделі жөндеуден өткізу және көріктендіру бойынша жұмысты Астана қаласының жеке коммуналдық қоры 2016 жылы бастаған болатын.

Астанаға арнайы Ресейден әкелінген қара аққулар «Астаналық» саябағының басты сұлулығына айналып үлгерді. Құстар саябақ айдынына бейімделіп, келушілермен жақын жүзіп келіп танысуға қарсы емес.

Астана қаласының мәдениет басқармасы 2017 жылдың жаз мезгілінде арнайы балалар мен қала қонақтары үшін «7 керемет» ойын-сауық бағдарламасын әзірледі. Күн сайын қаланың 5 саябағында екі рет анимациялық шоу өткізіліп тұрады.

Шетелдік қонақтарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында еріктілер өз жұмыстарын бастады. Саябақтың барлық ақпараттық карталары, сілтемелері мен маңдайшалары үш тілде жазылған: қазақ, орыс және ағылшын.

Бұдан бөлек, ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіне арналып саябақта «жасыл технология аллеясы» пайда болды. Мұнда барлық келушілер гироскутерлерде, сигвеяларда жүріп, роботтарды көре алады.

ЭКСПО-ның өтуі кезінде қала 2 000 000-ға жуық туристі қабылдауды жоспарлаған. Келушілердің ыңғайлылығы үшін қоғамдық тамақтану орындарының санын көбейткен. Бүгінгі таңда «Астаналықта» 164 жеке кәсіпкер жұмыс істеп жатыр. Оның тең жартысы қоғамдық тамақтандыруға жұмылдырылған. 2 стационарлық кафе толық жаңартылды, ал қала күні қарсаңында 10-нан астам тез тамақтану павильондары жұмыс істейді.

Саябақтың басты жаңалықтарының бірі – аттракциондар.

-Араға 8 жыл уақыт салып «Астаналық» саябағында «Американдық сырғанау» пайда болды. Тұрғындардың бұл аттракционға қызығушылығы жоғары. Тағы бір «5-ші элемент» деп аталатын аттракцион орнатылуда,- дейді саябақ қызметкерлері.

Бұл маусымда «Астаналықта» 18 аттракцион жұмыс істеп тұр. Оның 13-і қорға тиесілі, ал қалған бесеуі жеке компаниялардікі.

-Билет құны 500 теңгеден аспайды. Жеке меншіктерде 500 теңгеден 1000 теңгеге дейін бағасы. Балалар аттракциондарына 150 теңгеден 300 теңгеге дейін. Бұдан бөлек мүгедектер мен көпбалалы отбасыларына жеңілдіктер қарастырылған, – дейді саябақ қызметкерлері.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында саябақ аумағын Астана қаласы құқық қорғау органдарының қызметкерлері үнемі қадағалайды. «Астаналық» саябағы күн сайын, сағат 11.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді.

http://astana.gov.kz