Елордадағы Жамбыл облысының мәдени күндері

26.07.2017

26-30 шілде аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында Жамбыл облысының мәдениет күндері өткізіледі. Соның аясында ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоспары мен бағдарламасы бекітіліп, қажетті қаражат көлемі қаралған. Дайындық шаралары толықтай қамтамасыз етілді.

Өткізілетін мәдени іс-шараларға барлығы 500-ге жуық адам қатысады. Қатысушылардың Астана қаласына келу-қайту (поезд, автомобиль), қала ішінде тасымалдау мәселелері бойынша ұйымдастыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде.

Мәдениет және спорт министрлігі жанынан «ЭКСПО-2017»  көрмесіне байланысты құрылған «ЭКСПО-2017» штабымен және Астана қаласы әкімдігімен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізуге қатысты үйлесімді байланыс орнатылған (алдын ала келіссөздер жүргізілген).

Штабтың кестесіне сәйкес Жамбыл облысының мәдениет күндері ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрда», «Қазанат» қалалық ипподромы аумағындағы Этноауылда, «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы «Ғашықтар саябағында» және Жастар театры мен М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында өткізіледі.

Халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесіне әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтарға «Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған Ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында 2017 жылғы 20 мамырда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары М.А.Құлмұхамедтің қатысуымен «Көне Тараз» тарихи мәдени орталығынан салтанатты түрде жөнелтілген «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» керуені  26 шілдеде «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы «Ғашықтар саябағына» ат басын тірейді.

Астана қаласында керуенді қарсы алу барысында концерттік бағдарлама, ұлттық салт-дәстүр көріністерінен қойылымдар ұйымдастырылады (облыс аудандарының өнерпаздары, облыс Қазақстан халқы Ассамблеясы, ТарМУ, ТИГУ өнер ұжымдары).

Осы жерде облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз – тарихтың алтын діңгегі» атты көшпелі көрмесі қойылып, күні бойы тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алатын қаламыз туралы музей қызметкерлерінің таныстырылымы да қатар жүреді. Көрмеде облыстың және 2000 жылдан аса бай, мазмұнды тарихы бар қаланың сақ кезеңінен Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіне дейінгі тарихы қамтылған. Көрмеге 300-ден астам жәдігерлер қойылады (олардың арасында әр жылдары қазба жұмыстары барысында табылған мәдени-тұрмыстық құнды заттар, балбал тастар, жергілікті авторлардың картиналары, әртүрлі кезеңдердегі тиындар бар).

Осы күні кешкі мезгілде ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрда» облыс күндерінің ашылу салтанатына орай облыстық филармонияның «Әуені әсем Әулие ата!» атты мерекелік концерті  қойылады.

Келесі күндері жоспарланған іс-шаралар өз кезегімен жалғасын табады (көрмелер, театр қойылымдары, концерттер).

Атап айтқанда, 5 күн бойы бекітілген кестеге сәйкес «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы Ғашықтар саябағында облыстық филармонияның,  облыстағы жоғарғы оқу орындарының, аудандар мен Тараз қаласы өнерпаздарының   қатысуымен концерттік бағдарламалар, ұлттық салт-дәстүр көріністерінің қойылымдары көрсетіледі (26 шілде – Талас, Сарысу, ТарМу, ТИГУ, 27 шілде –  Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандары және ТарМПИ, 28 шілде – Меркі, Қордай, Мойынқұм және Шу аудандары).

Сонымен бірге облыстық филармонияның «Әулиеатадан ән шашу» (27 шілде), облыстық қазақ драма театрының «Қыз Жібек» саунд-трегі (28 шілде), «Алатау» фольклорлық ансамблінің «Ғасырлар әуені» атты концерті және елімізге танымал ақындар мен әншілердің бірлескен «Бір әуен, бір өлең» атты ән-жыр кеші  (29 шілде) өткізіледі. Кешті ақын Маралтай Райымбек жүргізіп, елімізге танымал жергілікті ақындар мен композиторлардың әндерін облыстан шыққан өнерпаздар орындайды. Кештің құрметті қонақтары – Д.Таңатаров, Қ.Нұртас, Қ.Жүнісов, И.Расылхан.

«Қазанат» қалалық ипподромы аумағындағы Этноауылда қолөнер шеберлерінің ауылы, «Шығыс базары» қолөнер сауда нүктелері жұмыс істейді (21 – 30 шілде). Этноауылда «Көне Тараздан тағзым» хореографиялық композициясы,   «Жамбылым қандай тамаша!» атты шығармашылық концерт және Жамбыл облыстық филармониясы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің «Күй  керуені» атты концерттік бағдарламасы, облыс ақындарының айтысы, «Алатау сазы» атты концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылып, Жамбыл облысы өнерпаздарының «Думанды елім!» атты  гала-концертіне ұласады (28 шілде).

Жастар театрында облыстық қазақ драма театры А.Бекбосынның «Домалақ ене» (27 шілде), С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» (28 шілде) драмаларын, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында облыстық орыс драма театры Г.Фигейредонның «Дон Жуан» (28 шілде) қойылымдарын сахналайды.

30 шілдеде «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда «Жамбылым қандай тамаша!» атты шығармашылық концерт беріліп, Жамбыл облысы күндерінің жабылуына арналған облыс өнерпаздары мен Жамбыл өңірінен шыққан белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен Гала концерт ұйымдастырылады.