Мемлекеттік қызмет көрсету – мемлекет пен қоғам арасындағы әрекет етудің бірден бір құрамдас бөлігі.

25.08.2017

Кез келген демократиялық мемлекеттің басты міндеті адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен еркіндігін қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселесін іске асыру  жұмысы сыбайлас жемқорлық тәуекелі механизмдерін төмендетуге және жолын іздеуге бағытталған.

Елімізде «бір терезе» принципін енгізу, халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру, мемлекеттік ұйымдарда мемлекеттік қызметтердің стандарттары мен регламенттерін енгізу, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру – бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің, белгілі бір қызмет түрін көрсетуші, мемлекеттік органдарға азаматтардың сенімін арттырудың маңызды аспекті.

Мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелердің қатарына, «Мұрағаттық анықтама беру» қызметін көрсетуші, «Астана қаласының Мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мұрағат) де жатады. Мұрағат бұл қызмет түрін «Мемлекеттік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңына, «Мұрағаттық анықтама беру» мемлекеттік қызмет көрсету регламентіне сәйкес көрсетеді. Мұрағат өтініштерді қабылдау және қызмет көрсету нәтижесін беру жұмысын мұрағаттың кеңсесі, «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы, «Электронды үкімет» веб-порталы – www.egov.kz, e.astana.kz порталы, электронды пошта арқылы іске асырады. Аталған жұмыс түрі жеке және заңды тұлғаларға тегін беріледі.

Азаматтардың ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттік қызмет алуға (электрондық-цифрлы қолы бар болса) келіп түсетін өтініштері қызмет алушылардың уақытын үнемдеуге, үрдістің ашықтығын көруге: мемлекеттік қызметке сұранысты қабылдау, нәтижесін алу орны, күні, уақыты көрсетілген хабарлама алу, яғни қызмет алушы мен қызмет көрсетушінің барлық әрекеттерінің көрініп тұруына мүмкіндік береді. Бұдан басқа, өтінішті тәулік бойына жіберуге болады.

Стандарттар мен Регламенттер арқылы мемлекеттік қызмет көрсету қызмет алушы мен қызмет көрсетушіге қызмет көрсету үдерісіне субъективті қарауға жол бермейді, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық дәрежесін төмендетуге көмектесетін және әсер ететін ашық әрі тиімді үрдісті ұйымдастырады.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің негізгі принциптері – қызметті алушылардың, әлеуметтік, лауазымдық жағдайына, жынысына, ұлтына, тұрғылықты орнына қарамастан, тең қолжетімділігі, бұл азаматтар үшін айтарлықтай қолайлы және сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді.

Осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар шегінде мұрағатта сайт жұмысы жолға қойылған, «сенім телефоны» жұмыс істейді, азаматтардың өтініштеріне арналған жәшік орнатылған.

Сонымен бірге, мұрағат ғимаратында мұрағаттық анықтама беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөнінде мұрағат қызметін түсіндіретін ақпараттық тақта орнатылған.

Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін тұрақты жетілдіру және оның сапасын арттыру мақсатында, мұрағат «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізіп тұрады, кездесуге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет ету агенттігінің қызметкерлері шақырылады.

Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл мемлекет пен қоғамның өзара әрекет етуінің бірден-бір негізгі құрамдас бөлігі. Біз көрсеткен қызметтің сапасын бағалай отырып, азамат мемлекеттік мекеменің жалпы жұмыс істеу сапасын бағалайды.

Сондықтан, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарта отырып, біз өз жұмысымызбен азаматтардың сенім арту дәрежесі мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға күш саламыз.

 

         Баймағанбетова Балқия

         «Астана қаласының

Мемлекеттік мұрағаты» ММ

директоры