ЭКСПО көрмесін өткізудің қорытындысы бойынша Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясы үздік мәдени ұйым деп танылды

15.09.2017

 Астана қаласының әкімдігі «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қорытындысын шығарды. Шаһар басшысы Әсет Исекешев көрмені өткізуге елеулі үлес қосқан үздік қызметкерлер мен ұйымдарды марапаттау салтанатын өткізді.

 Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы «Үздік мәдени ұйым» құрметті атағына ие болды.

 Елордалық филармонияның ЭКСПО-2017 аясындағы концерттік бағдарламасы ауқымды әрі әралуан болды. Astana EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезеңінде, 10 маусым – 10 қыркүйек аралығында, Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының шығармашылық ұжымдары қала мен жақын жатқан облыстардың тұрғындарының назарына 191 концерт ұсынды. Соның ішінде 14 концерт Қазақстанның қалалары мен облыстарына жасалған гастрольдер барысында қойылды. Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымдары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына және жабылуына, Этноауылдың ашылуына, бәйгеден ҚР Президентінің кубогына жарыстың ашылуына, триатлоннан Қазақстан Республикасы кубогының ІІІ кезеңінің концерттік бағдарламасына, «Үркер» сыйлығын табыстау салтанатына, КСРО халық артисі Б. Төлегенованың жобасы «Қазақ операсының аңыздары» концертіне қатысты, сондай-ақ, ЭКСПО аясында «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда өткен Амброзио Спараньи жетекшілік еткен Италия халық оркестрінің концертіне және «Астана Опера» театрында Густав Малераның №8 Симфониясын орындау үшін 1000 аса музыканттың басын қосқан күрделі жобаға атсалысты.  

EXPO-2017 көрмесін өткізу аясында Мемлекеттік академиялық филармония «Шыңғысхан», «Алпамыс», «Күй атасы – Қорқыт», «Қыз Жібек пен Сансызбай», «Жасай бер, Қазақ елі!»,  «Алтай – Тарбағатай әндері», «Өлең сөздің патшасы», «Азия дауысы» сынды көптеген ірі концерттер өткізіп, елорда тұрғындары мен қонақтарын қазақ музыкасының бай мәдениетімен таныстырды. Сонымен қатар, аталған кезеңде елордалық филармонияның танымал артистерінің жеке концерттері де көпшілік назарына ұсынылды.

Бұдан басқа, үш ірі музыкалық фестиваль ұйымдастырылды: VIII «АСТАНА САМАЛЫ» халықаралық үрмелі аспаптар оркестрлерінің фестивалі, V «СЕРПЕР» республикалық қазақ халық аспаптары оркестрлерінің фестивалі; ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері М.Тлеубаевты еске алуға арналған II «ШАШУ» халықаралық халық биі фестивалі. Фестивальдер барысында шығармашылық ұжымдар түрлі алаңдарда өнер көрсетті: Қалалық алаң, «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаң және елорданың «Астаналық», «Студенттік», «Жерұйық» саябақтарындағы алаңдарда.

Мұнымен қоса,  филармонияның шығармашылық ұжымдары Eurasian Music Cames халықаралық фестивалі, Бүкіләлемдік қуыршақтар фестивалі, Этно-фолк-джаз фестивалі және т.б. сынды ірі шараларға атсалысты.

Филармонияның көркемдік жетекшісі Сәкен Әбдірахмановтың бастамасымен «Ұлы дала» атты бірегей жоба қолға алынды, жоба аясында Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының барлық шығармашылық ұжымдары 8 қыркүйекке дейін әр бейсенбі және жұма күндері «Астана» концерт залының алдындағы алаңда өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, филармония ұжымдары ЭКСПО-2017 аясында Көктал-1, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный тұрғын алаптарында, Железнодорожный, Силикатный, Өндіріс, Ильинка, Пригородный және басқа да кенттерде өткізілген «Думанды Сарыарқа» атты концерттер циклына қатысты. Сондай-ақ, Франция, Польша, Италия, Түркия, Бельгия мемлекеттерінің Мәдениет күндеріне, сонымен қатар, Қызылорда, Маңғыстау, Қарағанды облыстарының Астанадағы Мәдениет күндеріне өз үлестерін қосты.

Алматы облысында Балтық би, Мұқыры, Шұбар, Қарабұлақ, Лепсі, Қапал, Үштөбе кенттерінде және Талдықорған қаласында «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобының, «Шалқыма» халық биі ансамблінің, классикалық, эстрадалық және халық вокалы солистерінің 8 концерті өткізілді.

Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы көпшілікке отандық және әлемдік музыкалыық мәдениеттің жоғары жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған өзінің сан қырлы концерттік және музыкалық қызметін тағы да паш етті. Бүгінде Астана қаласының филармониясы елорданың жетекші концерттік-ағартушылық мекемелерінің бірі болып табылады.

Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар
және құжаттама басқармасы