«Шабыт» жастар шығармашылығы фестиваліне қатысуға өтінімдер қабылданып жатыр

06.10.2017

Астанада «Шабыт» жастар шығармашылығы фестиваліне қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Биыл байқау қарашаның 3-і мен 7-сі аралығында өтеді.

Ұйымдастыру комитетінің шешімімен дарынды жастар алты аталым бойынша шеберлік байқасады. Конкурсанттар «Классикалық музыка» (фортепиано, скрипка, АВАК (альт, виолончель, контрабас), академиялық ән айту), «Бейнелеу өнері» (мүсін, СҚӨ), «Халық музыкасы» (домбырамен ән айту, халық аспаптары ансамблі, домбыра), «Цирк өнері», «Актерлік шеберлік» және «Үздік әдеби шығарма» номинацияларында бақтарын сынайды.

Айта кетейік, биыл «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша тек балалар мен жасөспірімдерге ғана арналған шығармалар қабылданады. Фестиваль соңында үздік туындылар кең аудитория үшін интернет-ресурстарда жарияланады.

Үміткерлер материалдарды Қазақстан Республикасы, Астана қ., 010000, Бейбітшілік к-сі, 11 мекен-жайы бойынша Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына жолдауы керек. Байқауға қатысуға өтінімді www.shabyt.astana.kz сайтында онлайн түрде беруге болады. Сонымен қатар, сайтта фестивальдің ережесі мен әр номинация бойынша қатысушыыларға қойылатын талаптар жарияланған. Толық ақпарат алу үшін +7 (7172) 556771,+7 (7172) 557409 телефондары бойынша фестивальдің ұйымдастыру комитетіне хабарласуға болады.

Өтінімдерді қабылдау 2017 жылдың 20 қазанына дейін жалғасады.

Биыл «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі 20-шы рет өткізіледі. «Шабыт» фестивалі – өнер әлеміндегі маңызды оқиға және дарынды жастар үшін үлкен сахнаға жол ашатын бірегей алаң. Осы күнге дейін фестивальге өнердің түрлі жанрлары бойынша 10 мыңнан астам адам қатысқан. Әр жылдары қазақстандық сықақшы Тұрсынбек Қабатов, ақын Қалқаман Сарин, балет артисі Әйгерім Бекетаева, опера әншісі Айгүл Ниязова, «Меломен» тобы, Аша Матай, әнші әрі композитор Қайрат Баекенов және басқа да кеңінен танымал шығармашылық тұлғалар фестиваль Гран-приін иеленген.

Еске салайық, өткен жылы «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша қатысқан жас ақын, журналист Ербол Алшынбай фестиваль  Гран-приін жеңіп алған болатын.

Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар
және құжаттама басқармасы