Астаналық саябақ ТМД бойынша ең үздік ашық саябақ атанды

09.10.2017

Астаналық саябақ ТМД бойынша 2017 жылдың ең үздік ашық ойын-сауық саябағы атанды. Сочи қаласында өткен XV «Хрустальное колесо» байқауында біздің саябақ осындай құрметті атаққа ие болды. Аталмыш байқау барысында жыл сайын ойын-сауық пен демалыс индустриясындағы көшбасшылар анықталады. Бұл осындай жалғыз байқау.

Жалпы байқауға 162 саябақ қатысты. Астаналық саябақ жеңіп шыққан «Келушілер саны жылына 500 мыңнан – 1 млн адамға дейін жететін үздік ашық ойын-сауық саябағы» номинациясы ең ірі аталым болып табылады.

ТМД аумағында 2014 жылы Қысқы Олимпиада Ойындары қарсаңында ашылған Сочи-саябағынан басқа барлық саябақтар осы санатқа жатады. Үздік саябақ атағы үшін Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск, Тбилиси және басқа да ірі қалалар таласты.

ТМД аумағындағы үздік ашық ойын-сауық саябағы атану – үлкен құрмет. Астаналық саябақтың бұған өзінің көпфункционалдылығының арқасында қол жеткізіп отырғандығын атап өтті. Саябақта аттракциондардан басқа қалалық жағажай, ашық бассейн аймағы, спортпен шұғылдануға арналған шаңғы-роллерлік трасса бар. Мұнымен қоса, жаз бойы күн сайын «Саябақтың 7 ғажайыбы» ойын-сауық шарасы мен апта сайын жексенбі күндері «Fitness Park Astana» жаттығулары өткізілді (Астаналық саябақ туралы бейнероликті https://youtu.be/ApVKK3qD9zA сілтеме бойынша көруге болады).

– Астаналық саябақтың ТМД аумағында үздік деп танылуы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алға қойған Қазақстанды мәдениет саласындағы жетістіктері арқылы танымал ету сынды мақсатқа қол жеткізудің белгісі. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мәдениет пен жаңғыру арқылы ұлттық сананы кеңейтуге ерекше назар аударады. Осы саясатты ұстана отырып, сондай-ақ жаңа міндеттерді алға қойып, біз саябақтарды дамытуға және Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жалпыға қолжетімді демалысты ұйымдастыруға баса көңіл бөлеміз. Бұл елордадағы мәдени-бұқаралық демалыс орындарын дамыту жолындағы көп жылдық қажырлы еңбектің нәтижесі. Бұл еліміздегі саябақтарға қатысты осындай ірі алғашқы марапат және оны Астананың 20 жылдығына арнаймыз, – деді Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Байқау форум форматында өтті. Төрт күн бойы түрлі мемлекеттердің ойын-сауық индустриясының өкілдері өзара тәжірибе бөлісіп, оқыту семинарларына қатысты. Шара Ресейдегі ең ірі және ТМД аумағындағы жыл сайын келушілер саны 1 млн адамнан асатын саябақ саналатын Сочи-саябағының аумағында өтті.

Астана қаласының Мәдениет,
мұрағаттар және құжаттама басқармасы