«Шабыт» фестивалі шымылдығын ашады

«Шабыт» вновь открывает свои двери
03.11.2017

Бүгін Астанада ХХ «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі шымылдығын ашады. Биыл шара барысында Қазақстанның және әлемнің басқа да мемлекеттерінің түкпір-түкпірінен жиналған 515 адам бағын сынайды. Оның ішінде 100 талант елорданың намысын қорғайтын болады. Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан, Латвия, Армениядан келген конкурсанттар Астанада бас қосады.  

Фестивальдің ашылуы қарсаңында ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының өкілдері баспасөз маслихатын өткізіп, биылғы «Шабыт» фестивалінің жаңалықтарымен бөлісіп, шара жайлы толығырақ әңгімелеп берді.

– Биыл фестиваль 20-шы рет өткізілгелі отыр. Әдеттегідей, қарашының 3-7 күндері. «Шабыт» фестивалін өткізу алаңдарына тоқталсақ, байқау қаланың маңызды мәдени нысандарында ұйымдастырылады, атап айтқанда Тәуелсіздік сарайында, Бейбітшілік және келісім сарайында, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалыық драма театрында, «Жастар» театрында, Астаналық цирк пен қалалық кітапханаларда. Жылдан жылға фестивальдің беделі мен қатысушылардың дайындық деңгейі артып келеді. Түрлі мемлекеттердің өкілдерінен құрылған қазылар алқасына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Оның ішінде АҚШ, Сербия, Македония, Испания, Италия, Ресей, Украина өкілдері бар, – деді Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Биыл қатысушылар 6 номинация бойынша шеберлік байқасады: классикалық музыка, халық музыкасы, бейнелеу өнері, цирк өнері, үздік әдеби шығарма және актерлік шеберлік. Айта кетейік, соңғы номинация фестиваль жаңалығы болып табылады.

Әдеби шығармаларды бағалайтын қазылар алқасының мүшесі Несіпбек Айт атап өткендей, бұл жолы байқауды балалар мен жасөспірімдерге арналған проза авторларының арасында өткізу туралы шешім қабылданды.

– Бізге жас авторлардан 40-қа жуық шығарма келіп түсті, оның ішінде әңгімелер де, ертегілер де бар. Біз олардың кәсіпқойлығына таң қалдық, жақсы жазылған екен. Келесі кезеңге 20 шығарманы іріктеп алдық. 5 қарашада авторлардың басын қосып, талқылаймыз, олардың ішінен үздігін анықтаймыз. Жақсы деген 6 шығарма бас жүлде мен жұбаныш сыйлықтарын иеленеді, – деді ол.

Бұған қоса, фестиваль қорытындысы бойынша қатысушылардың шығармаларының жинағы жарыққа шығады.

«Халық музыкасы» номинациясында да біраз жаңалықтар бар. Қазылар алқасының төрағасы Сәкен Әбдірахмановтың айтуынша, қатысушыларды бағалау үш ішкі номинация бойынша жүргізіледі – домбырамен ән айту, халық аспаптары ансамблі және домбыра. Барлығы бұл санат бойынша 50-ге жуық конкурсант өнер көрсетпек.

– Биыл байқау шарттарын күшейттік. Домбырамен ән айту номинациясы бойынша екінші кезеңге өткен қатысушылар енді жай бір шығарманы дайындап қана қоймай, барлық 9 термені жатқа білуге тиіс, – деді ол.

«Цирк өнері» номинациясында да қатысушылар құрамы мықты. Мұнда қазылар алқасының назарына 19 номер ұсынылмақ. Қазақстан, Латвия, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 46 қатысушы цирк өнерінің барлық дерлік жанрында өнер көрсетпек.

– Биыл қатысушыларды 2 бағдарламаға бөлдік, олардың әрқайсысы бойынша қорытынды гала-шоуға қатысатын үздіктер іріктеліп алынады. Көптеп келіп түскен өтініштердің ішінен 12 кәсіби номерді таңдадық, тағы жетеуін колледждің, цирк студияларының шәкірттері көрсетеді. Ең жақсы номерлер жиналды, көбі фестивальге арнайы дайындалған, – дейді қазылар алқасының мүшесі Владислав Бернацкий.

«Классикалық музыка» номинациясы бойынша қазылар алқасының мүшесі, Иорданиядан келген қонақ, Иордания Хошемит Корольдігі Король Хуссейн Қорының Ұлттық музыка консерваториясының директоры Мұхаммед Сидик те фестиваль жайлы өз пікірімен бөлісті. Шетелдік қонақ 6 қарашада Астанада елордалық академиялық филармониямен бірге Бетховеннің 5-ші концертін орындайтын болады.  

Мұнымен қоса, фестивальге қатысушылар танымал өнер қайраткерлері, әлем мойындаған өнер шеберлерінің шеберлік сыныптарына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

ХХ «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің салтанатты ашылуы бүгін сағат 19.00-де «Астана» концерт залында өтеді. 

«Шабыт» вновь открывает свои двери