«Шабыт» көтеріңкі көңіл күй сыйлайды

03.11.2017

«Астана» концерт залында ХХ «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Әдеттегідей, фестиваль шымылдығын Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашты.

– Елорда әкімі Әсет Өрентайұлы Исекешевтің атынан «Шабыт» жастар шығармашылығы фестиваліне қатысушыларды құттықтаймын. Фестиваль 20 жылдан бері өсіп, дамып, өркендеп, елордамен бірге жетіліп келеді. Осы жылдар ішінде көптеген жаңалықтардың куәгері болдық. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында бүгінде жастар үшін барлық жағдай жасалған. Біздің талантты, шығармашыл жастарымызға мол мүмкіндіктер беріліп отыр. Бұл күндері елордамыздың барлық жетекші концерттік алаңдары мен ұйымдары сіздер үшін есіктерін айқара ашады, – деді Ермек Аманшаев.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары гастрольдік кестенің тығыздығына қарамастан, уақыт тауып, фестивальге қатысып отырған қазылар алқасының мүшелеріне да алғысын білдірді.

– Осы жылдар ішінде «Шабыт» елорданың ғана емес, барша Қазақстанның қуатты, танымал, маңызды мәдени брендіне айналды. Фестивальдің алға қойған міндеттері толығымен орындалуда, – деді Е.Аманшаев, қатысушыларға сәттілік тілей отырып.

Әлемдік өнер жұлдыздарынан құрылған қазылар алқасының мүшелері талантты жастарға шабыт (құлшыныс) тіледі.

Фестивальдің 20 жылдық тарихында оған әлемнің түрлі мемлекеттерінен 10 мыңнан аса жас дарын қатысқан. Әр жылдары Тұрсынбек Қабатов, Қайрат Баекенов, Қалқаман Сарин және басқа да белгілі отандық эстрада және өнер қайраткерлері байқау лауреаттары атанған.

Биыл номинациялардың гран-при иегерлері 350 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйлық алады. Бірінші орын үшін 250 мың теңге, екінші – 200 мың теңге және үшінші – 150 мың теңге беріледі.

Бұл ретте ұйымдастырушылар көптеген арнайы атаулы дипломдар мен 80 мың теңге мөлшерінде сыйлықтар дайындады. Ал бас жүлде Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы – «Шабыт» үшін 600 теңге мөлшерінде сыйақы қарастырылған.