«Шабыт-2017» фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша қорытынды шығарылды

06.11.2017

Орталық балалар – жасөспірімдер кітапханасында «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша конкурсанттардың тәлімгерлермен, белгілі ақындармен, прозаиктармен және қазылар алқасының мүшелерімен қорытынды кездесуі өтті. Дөңгелек үстел басында шығармашылық жолына енді ғана түскен жазушылар алған әсерлерімен бөлісіп, фестивальді ұйымдастырушыларға өз дарындарын көрсетуге берген мүмкіндіктері үшін ризашылықтарын білдірді, ұсыныс-кеңестер тыңдады.

– Биыл бұл номинацияның жаңалығы – конкурстың балаларға арналған проза жанрында алғаш рет өткізілуі болды. Шығармалардың көптеп келіп түскендігіне таң қалдық. 40 еңбектің ішінен «Шабыт» фестивалінің марапатына лайық үздік 20-сын таңдап алдық. Мұнымен қоса, қазылар алқасының да құрамы мықты – Қуаныш Жиенбай, Мәди Айымбетов, Роза Мұқанова – бұл қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздары, – деді байқаудың қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айт. – Әрине, қатысушылардың бұдан да көп болғанын қалаймыз, Олар бір-бірімен танысып, араласып, бір-бірін қолдап жүретін еді.

Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, қатысушылардың көбіне үміт артуға болады, бұл кейбіреулерінің әдебиетке қатысы жоқ мамандық бойынша білім алып жүргендігіне, жұмыс істеп жатқандығына қарамастан. Сондықтан үздіктерді анықтау оңай болған жоқ. Байқау қорытындысы бойынша орындар келесідей  үлестірілді: Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының арнайы жүлдесі семейлік Әйгерім Қиықбайға бұйырды. Бердібек Соқпақбаев атындағы тағы да бір жүлде Темірлан Қылышбековқа табысталды. Жас дарындар дипломдармен қоса, 80 мың теңге мөлшерінде ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Аталған номинация бойынша бас жүлде мен 350 мың теңге Қанат Әбілқайырға берілді. Бірінші орын мен 300 мың теңгені Бақытгүл Сәрсембекова олжалады. Екінші орында 250 мың теңге алған Арман Әлмеңбет. Үздік үштікке Нұрбек Нұржанұлы да енді. Ол 200 мың теңге алды.      

– Өкінішке орай, орындар аз. Мұндай жақсы жұмыстардың ішінен үздіктерін таңдау қиын болды. Қызу талқылау болды, соңында ойымыз бір жерден шықты. Мен қазақ әдебиетін одан әрі дамытуға лайықты ұрпақты өсіп келе жатқандығын мақтан етемін. Жүлделер мен жеңіс – фестивальдің бір қыры ғана, ең бастысы қатысушылар бір-бірімен танысып, табысты, енді бұл байланысты мүлдем жоғалтуға болмайды, өйткені бір-бірін қолдап қана олар күшті жазушы және ақын бола алады, – деп өз пікірін білдірді жазушы Қуаныш Жиенбай. 

Өз кезегінде, конкурсанттар шығармаларына жоғары баға берген қазылар алқасына өз алғыстарын білдіріп, қаламдарын тастамай, шеберліктерін одан ары шындауға уәде берді.

Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар
және құжаттама басқармасы