«Шабыт» фестивалінің жүлдегерлері марапатталды

07.11.2017

ХХ «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі мәресіне жетті. Конкурсанттардың көрнекі қойылымдары аяқталды, алда – ҚР Президенті    кубогының иегерін анықтау ғана қалды.

Бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінің Ж. Жабаев атындағы залында фестиваль лауреаттары мен дипломанттарын марапаттау салтанаты өтті.

 «Классикалық музыка» номинациясында қатысушылар бірнеше санат бойынша өнер көрсетті: скрипка; альт, виолончель, контрабас; академиялық вокал.

Скрипкашылар арасында астаналық Айжан Ермұханова бірінші, Прагадан келген қатысушы Эдуард Коллерт екінші және астаналық Анастасия Мартынова үшінші орын алды. Еркеғали Рахмадиев атындағы диплом Астана қаласының өкілі Мейіржан Кеңесбаевқа табысталды, ал Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының арнайы сыйлығы Айя Ғаббасоваға бұйырды.

Академиялық вокал санатында орындар келесідей берілді: 1-орын – Арпине Агджоян (Армения), 2-орын – Құдайберген Әбілдин (Астана), 3-орын – Әйгерім Аманжолова (Астана), Азат Туранель (Астана) және Милда Дрейерите (Литва). Ғазиза Жұбанова атындағы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының арнайы сыйлығы Наргиз Сатмухамбетоваға бұйырды.

«Альт, виолончель, контрабас» номинациясында үздік үштікті өзбекстандық Юнус Ражабий бастап тұр, екінші орында астаналық Бекарыс Наурызбаев, үшінші орында елодалық Нұрисламбек Джуматов. Астаналық Назым Уәлиева Кенжебек Андарбаев атындағы дипломмен марапатталса, Айболат Әбдібақас Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының арнайы сыйлығының иегері атанды.

Фестивальдегі тағы да бір үлкен «Халық музыкасы» номинациясы да үш бағытқа бөлінді.

«Домбыра» санатында бірінші дәрежелі диплом алматылық Ерболат Хайроллаевқа табысталды. Алматының тағы да бір өкілі Ерасыл Ринатов екінші орында, ал астаналық Арман Жолмұханбет пен алматылық Бауыржан Құрметбекұлы үшінші орынды қанағат тұтты. Мағауия Хамзин атындағы диплом қазылар алқасының шешімімен алматылық Бекболат Әбдіберікұлына ұсынылды.

Халық аспаптары ансамбльдерінің арасында атыраулық «Sarmad» ұжымы көш бастады. Көкшетаудан келген «Оқжетпес» фольклорлық ансамблі фестивальдің күміс жүлдесіне қол жеткізді, қола жүлде Жезқазған қаласының «Алтын Орда» халық аспаптары ансамбліне берілді. Болат Сарыбаев атындағы диплом қазылар алқасы бірауыздаған қабылдаған шешімімен өскемендік «Алтай» ансамблінің музыканттарына табысталды.

«Домбырамен ән айту» санаты бойынша астаналық Нұржан Мейірхан жеңімпаз атанды, екінші орында елордалық Әйгерім Нартуива, үшінші орында оралдық Әмина Гайнединова. Әсет Найманбаев атындағы арнайы диплом қарағандылық Майра Жалғасоваға табысталды.

Ең көп адам қатысқан «Бейнелеу өнері» номинациясы да мүсін және сәндік-қолданбалы өнер сияқты санаттарға бөлінді.

Бірінші санат бойынша алматылық Әнуар Рыскельдиев көш бастады, екінші орында астаналық Сырым Мүсіреп және үшінші орында алматылық Данияр Бабашов. Екінші санат бойынша орындар келесідей үлестірілді: 1-орын – Бауыржан Жетпісалиев (Шымкент), 2-орын – Мадина Ахангали (Алматы), 3-орын – Миляуша Абайдуллина (Ресей, Уфа). Хакімжан Наурызбаев атындағы диплом қазылар алқасының шешімімен алматылық Руслан Қалмұратовқа, ал Мәдениет басқармасының арнайы сыйлығы қарағандылық Абай Сұлтанға берілді.

Биыл «Үздік әдеби шығарма» номинациясында атыраулық Бақытгүл Сармекованың әңгімесі фестивальдегі үздік туынды деп танылды, екінші орында Арман Әлмеңбет, үшінші орында Нұрбек Нұржанұлы, Мәдениет басқармасының арнайы сыйлығының иегері – Қиықбай Айкерім, ал Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы дипломның иегері Темірлан Қылышбеков атанды.

Актерлар арасында қарағандылық Ерасыл Ахан үздік шықса, астаналық Инабат Әбенова екінші орын алды, үшінші орында – алматылық Әлихан Жұмағалиев. Шәкен Айманов атындағы арнайы сыйлық елордалық Әли Бидахметовке, «Актерлік шеберлік» номинациясы бойынша арнайы сыйлық Мөлдір Тағаеваға, ал Мәдениет басқармасының дипломы астаналық Ақмейірім Қуашбаевқа табысталды.

Мұнымен қоса, ең қызық «Цирк өнері» номинациясында Алматы қаласының Қазақ мемлекеттік циркінің өкілі Ольга Демидова жетекшілік еткен «Арбалет пен таяқ ұстаған эквилибр» номері үздік деп танылды. Күміс жүлде иегері – Ташкент қаласынан келген Өзбек мемлекеттік циркінің өкілі Мухлиса Шукуржанова орындаған «Кор-де-парель» номері. Үздік үштікті шымкенттік «Оңтүстік цирк» артисі Айша Сайрамбай ұсынған «Пеппи ұзын шұлық пен жануарлар» номері тұйықтады.

Мәдениет басқармасының арнайы сыйлығы халықаралық қазылар алқасының шешімімен «Тордағы әуе гимнасты» қырғызстандыық Алеиза Аликоваға табысталды, ал Балтабек Жұмағұлов атындағы арнайы диплом тараздық Талғат Альчикенов жетекшілік еткен «Икарийлік ойындар» номеріне ұсынылды. Басты жүлделерден басқа, қазылар алқасының мүшелері үздік цирктік номерлерді өздерінің ұйымдарының атынан арнайы сыйлықтармен атап өтті.

Номинациялар бойынша Гран-при иегерлерінің, сондай-ақ ҚР Президенті кубогының иегерінің есімдері бүгін «Астана» концерт залында өтетін «Шабыт» фестивалінің салтанатты жабылу рәсімінде жария болады. Басталуы – сағат 19.00-де.

Астана қ. Мәдениет, мұрағаттар
және құжаттама басқармасы