Ақын Ғали Ормановты еске алу кеші

28.11.2017

29 қарашада сағат 15.00-де Астана қаласы «Жастар» театрында Ғали Ормановтың 110 жылдық мерейтойы аясында өтетін ақынды еске алуға арналған әдеби – сазды шығармашылық кеші өтеді.

Іс-шараның мақсаты ҚР Президенті Н. Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыра отырып, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Ғали Ормановтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау арқылы қазақ поэзиясының қалыптасып- дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосқан еңбегі жайлы насихаттап, оқушы бойына елжандылық, Отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерді дарытып, рухани байлықты сіңіру. Сондай-ақ, еске алу кешінде мектеп мұражайының экспонаттары мен кітаптары қойылады.

Шығармашылық кешке мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы Жолдасбеков Мырзатай, ақын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрғынбеков Серік, профессор, академик Негимов Серік, ҚР жазушы, Еңбек сіңірген қайраткері Бейсенова Шәрбану, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Өнер академиясының құрметті профессоры, Қазақстан Журналистер одағы мен «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері Нұртілеу Иманғалиұлы және Ғали Ормановтың қызы Жамиға Орманова қатысады. Астана қаласы әкімдігінің «Сарыарқа» ұлттық аспаптар ансамблі, «Наз» тобы сонымен қатар Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншілері Тұрар Әлменов, Гүлзада Нұржанова, 16 жастағы күйші композитор Ғаламат Бейсеқожа өнерлерін көрсетеді.

Ғали Орманов 1907 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Ешкіөлмес тауы етегінде дүниеге келген. Бала кезінде жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, өзінің әдебиетке құмарлығын байқатады. «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», «Алпамыс» сияқты қисса дастандарды, «Біржан мен Сара», «Кемпірбай мен Шөже», «Бақтыбай мен Мәйке баланың» айтыстарын жаттап алып, домбыраға қосып жиын-тойларда айтып жүрген ол жастайынан жыршы бала атанады.

1943-44 жылдары Ғали Орманов мәдениет пен өнер қызметкерлері тобында майданға барып қайтады.Ұлы Отан соғысы кезінде жазған өлеңдерін 1941 жылы «Халық қаһарман», 1944 жылы «Емен» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы түрінде ұсынады. «Өмір дастаны» (1948), «Бөбек жүрегі» (1949) атты жинағымен қатар ақынның шұрайлы өлеңдері оның 1950, 1957, 1976, 1982-84 жылдары шыққан «Таңдамалы шығармалар» жинақтарына енді.

Анықтама телефоны: +77754976780, Иврай Роза.