Тоғыз жолдың тоғысындағы Астана

08.12.2017

Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатында «Тоғыз жолдың тоғысындағы Астана» бірегей фотодеректі көрмесі ашылды. Экспозицияда ұсынылған құжаттар – елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру және Астананың қалыптасу кезеңдері туралы.

Елорданы ресми көшіру күнінің 20 жылдығына орайластырылған көрме қалалық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасымен ұйымдастырылып отыр. Экспонаттар Қазақстан Республикасының Ұлттық және Мемлекеттік мұрағаттарының қорларынан жиналған.

Бұл күні шағын көрме залына келіп, Астананың құрылу тарихымен танысуға ниетті жандардың қарасы көп болды. Оның ішінде осы оқиғаға тікелей қатысқан адамдар да аз емес. Олар өз естеліктерімен бөлісіп, жас астананы 20 жылдығымен құттықтады.

– Қазақстанның ерекше тарихы бар, елорданы Алматыдан Астанаға көшірген кезде тарихтың жаңа кезеңі басталды. Шынын айтқанда, ол кезде бұл идеямен бәрі бірдей келісе қоймады. Ақсақалдарымыздың көбі елорданы ауыстыруды қойып, экономикалық мәселелерді шешумен айналысу керек деп жатты. Ал Президентіміз болса, өз халқына, Қазақстанның болашағына сеніп, жастардың тағдырын ойлап, ештеңеге қарамастан, осындай шешім қабылдады. Қаншалықты қиын болғанын көбі ұмытып та қалған шығар, оңай болған жоқ. Біз 1997 жылы алғашқылардың бірі болып келдік. Қайда тұратынымызды да білмедік. Бас штабтың бастығы бола тұра, мен құрылыс техникумының спортзалында кереуетте түнеп жүрдім, тонып қалмайын деп асты-үстімнен бір-бір мартацтан. Астана – ұлы жетістік және біздің мақтанышымыз, бұл қуаттылықты еселей берейік, – деп үндеді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, осындай тарту үшін көрмені ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып.

Көрменің ашылуына Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов та қатысты. Ол Астананың шет мемлекеттерде әскери іс-қимылдарды тоқтату мен бейбітшілік орнатуға, қарусыздандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті. 

– Елорда күрделі қызметтер атқарады, осы мақсатта тиісті инфрақұрылым жасалып жатыр. Маңызды бір жайт, қазіргі кезде жасалып жатқан және жасалған қала құрылысы, сәулеттік ансамбльдер елорда ретінде тек қаланың ғана көркі емес, сонымен қатар, бұл – әлемдік сәулет өнерінің шедеврлері. Бұл бөлек бір кезең, ол Астана деп аталады. Баршаңызды мерейтоймен құттықтаймын. Бірінші кезекте, осы бір керемет идеяның авторы Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты, – деді Анатолий Ничкасов.

Сөз сөйлегендердің бәрі кеңейе түскен мегаполистен шағын, бірақ перспективті Ақмола қаласына ауыстыру туралы шешім қабылдаудың оңай болмағанын айтып жатты. Көптеген көрнекті қайраткерлер бұл шешімге қарсы шықты, алайда шешім қабылданды және ол дұрыс әрі қырағы шешім болды.

– Елорданы ауыстыру Қазақстанның экономикасы мен басқа да салаларының дамуына серпін берді, сондықтан бүгінгі күні иә, бұл дана әрі дұрыс шешім» болды деп сеніммен айта аламыз. Біз және біздің балаларымыз – елорданы көшірген кезеңде өмір сүріп, бұл оқиғаны өз көзімен тамашалаған ұрпақпыз. Қазір алдымызда үлкен міндет тұр – осы құжаттарды және естеліктерді жинап, сақтап қалу. Әлі өңдеп, таратуды қажет ететін материалдар да көп.  Біздің міндетіміз – осы барлық материалды, біздің тарихымызды болашақ ұрпаққа лайықты, әдемі қалпында ұсыну. Сондықтан болашақ тарихымызбен бірге жұмыс істеуге шақырамын, – деді мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Экспозиция бірнеше бөлімнен тұрады. Бірінші витринадан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР Жоғарғы кеңесінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзін көруге болады, онда ол Ақмола қаласын жаңа бас қала ретінде таңдауға негіз айтады. Мұнымен қоса, мемлекеттік мұрағаттың негізін қалаушы Юрий Казаков ұсынған фотоматериалдарды тамашалауға болады. Сирек кездесетін кадрларда Мемлекет басшысының Ақмолаға алғашқы сапарлары, қала әкімшілігімен кездесулері түсірілген.

Елорданың бірінші әкімі Әділбек Жақсыбековтың жеке мұрағатынан алынған құжаттар мен фотосуреттер көрмеге ерекше көрік береді. Стеллаждарға қала басшысының өмірбаяны, дипломдары, мемлекеттілікті дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесі үшін табысталған наградалары қойылған.

Бұдан басқа, келушілер, әртүрлі шетелдік делегациялар Астана әкімдігіне тарту еткен кәдесыйларды да тамашалай алады.

Тағы да бір бөлімде еліміздің бас қаласын ауыстыр процесі туралы құжаттар мен қаулылар көпшілік назарына ұсынылған. Мұнда елорданы көшіруге арналған сценарийлер мен іс-шаралар жоспарлары, мемлекеттік органдардың орнын ауыстыру үшін жауапты болған жұмыс тобының тізімі  және т.б. көрсетілген. 

Көрменің соңғы бөлімінде арнайы экономикалық аймақ, қаланың жаңа аудандарын құру туралы құжаттар, сондай-ақ ҚР жоғары және орталық мемлекеттік органдардың орнын Ақмолаға ауыстыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Фарит Галимовтың жеке қорынан алынған бірегей фотоматериалдар жиналған.

Айта кетейік, көрме желтоқсанның соңына дейін жұмыс істейді.

Астана қ. Мәдениет, мұрағаттар
және құжаттама басқармасы