Жаңажылдық түн Астанада қалай өтеді

29.12.2017

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жаңажылдық түні көңілді мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. Биыл 31 желтоқсанда сағат 21:00-ден 03:00-ге дейін қазақстандық эстрада жұлдыздары ЭКСПО мұз қалашығында, сондай-ақ қалалық әкімдіктің жанындағы қалалық алаңда ашық аспан астында баршаға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. 2018 жылды  қуанышты атмосферада қарсы алам деушілер үшін Досымжан Таңатаровтың, Маржан Арапбаеваның, ағайынды Жүгінісовтердің, Достың, Күләйым Қайырбаеваның, Альбина Оганесянның, «АРТ Домбыра» триосының қатысуымен шоу-бағдарлама мен концерт әзірленді. Мұнымен қоса, «Қызыл өрік» және «Мария Магдалена» хиттерін орындаушылар – Ақылбек Жеменей мен Асхат Тарғынов та жаңажылдық түнді елорда тұрғындарымен және қонақтарымен өткізеді.

Жаңа жылдық түні шараға қатысушылар мерекелік отшашу тамашалайды. 2018 жылды қарсы алуға орайластырылған салют елорданың үш ауданында болады – ЭКСПО аумағында, Есілдің жағалауында және Пушкин көшесі мен Абылай хан даңғылының бойында.

Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар
және құжаттама басқармасы