«Алжир» музейінің экспонаттары Назарбаев Университетінде көрмеге қойылды

18.01.2018

Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешені «В памяти поколений» атты көшпелі көрме өткізеді. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бірегей экспонаттар Назарбаев Университетінде көпшілік назарына ұсынылады.

Көрмеге Қазақ КСР денсаулық сақтау халық комиссаты Хасен Нұрмұхамедов пен оның жұбайы Кира Берсеневаның, Қазақстанның Атқару комитеті Президиуымының мүшесі Мұхамедқали Тәтімов пен оның жұбайы Шәкітайдың, Алматы облысы Кеген ауданының прокуроры Шәкір Ғайсин мен оның жұбайы Ғайнижамалдың, «АЛЖИР» тұтқыны Сұлухан Бағзыбаеваның, Амторг төрағасы Саул Брон мен оның жұбайы Клараның, Мемлекеттік банктің Добрушсктік бөлімінің директоры Лихтенштейн Севек (Сендер) пен оның жұбайы Ента Лихтенштейннің, КСРО Мемлекеттік банкі директорының орынбасары Соломон Хариннің және оның жұбайы Софья Зильбербергтің фотосуреттері мен мұрағаттық құжаттары қойылған.

Бұл адамдар миллиондаған отбасын жойып, адамзат тағдырын бұзған өте қатал сталиндік жазалау машинасының азаптауынан өтті. Диктатураға мойынсұнбағандар жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, «халық жауы» атанды, ал олардың жұбайлары, ата-аналары, ағалары, апалары мен ұл-қыздары темір торға тоғытылды.

Кейіннен тоталитарлық жүйенің құрбандары ақталғанымен, адамдардың бұзылған тағдырын ештеңе де өзгерте алмайды. Мұндай көрмелер ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдарындағы оқиғаларды есте сақтауға септігін тигізеді және болашақта трагедияның қайталануын болдырмау үшін жас ұрпақтың бойында патриотизм мен адамгершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар
және құжаттама басқармасы