«Балуан Шолақ» атты кітабының таныстырылымы өтеді

13.02.2018

«Балуан Шолақ – қазақтың ән өнеріне олжа салған,      
сөйтіп, өзіндік болмысымен өшпестей із қалдырып,
ұлы өнердің өресін биіктетіп, өрісін ұзартқан дара тұлға».

            Ақселеу Сейдімбек

 

2018 жылдың 14 ақпан күні сағат 15.00-де  Астана қаласы әкімдігінің «Тарихи-мәдени мұра нысандары мен ескерткіштерін сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекция» МКҚК Руханият залында өнер зерттеушісі, деректанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Серік Кәрібайұлы Оспанның «Балуан Шолақ» атты кітабының таныстырылымы  өтеді.

Кітап әнші-композитор, ақын, домбырашы, атбегілік, құсбегілік, балуандық, ат ойындары мен цирк өнерінің шебері,  халқымыздың дәстүрлі өнерінің барлығын бойына жинақтап, сал-серілік дәстүрді ұстанған дарабоз тұлғаның өміріне қатысты тың деректердің жазылуымен құнды әрі еліміздің рухани жаңғыруына қосылатын үлес болатыны даусыз. Мәселен, кітапта автор Балуан Шолақтың туған жылы, оның Шолақ атануы, ақынның жарының шын есімі, Балуан ғашық болып алты ән арнаған Ғалия Тілеубекқызының тағдыры, 1899 жылы Жетісу өңіріне сал-серімен барып, өзіне шәкірт тауып, 15 жасар Кененге ағалық ақ батасын беріп, Кенендей ән бұлағының көзін ашуы туралы қызықты мәліметтер келтіреді. Архивтік құжаттардың деректеріне сүйенсек Балуан Шолақ 1859 жылы 19 қаңтарда дүниеге келіп 1918 жылы желтоқсан айында 60-қа қараған шағында дүние салған. Балуан Шолақ небары 20 жасында Карон палуанды жеңіп, кір көтеру бәсінде цирктің ең жоғарғы көрсеткіші 40 пұт салмақты 51 пұт (816 келі) салмаққа жаңартып әлемдік рекорд жасап, отыз екі жасында әлемдік дәрежедегі балуанның жамбасын жерге тигізген. Бұл ерлігі алты алашқа әйгілі болып Балуан Шолақ есімі  аңызға  айналды» деп жазады кітапта белгілі өнер зерттеушісі.          

Кешке мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Қапаш Құлышева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Айтбек Нығызбаев, ҚҰӨУ профессоры, күйші Жанғали Жүзбай, Балуан Шолақ пен Ғалияның ұрпақтары шақырылған.

БАҚ өкілдерін аталған іс-шараға қатысуға шақырамыз! Өтетін мекен-жайы: Астана қ Отырар көшесі, 1/2-үй. Байланыс үшін телефон: 49-77-67, 49-28-13, +7 701 539 22 10

Астана қ. Мәдениет, мұрағаттар
және құжаттама басқармасы