Астанада спорттық биден жарыстар өтеді

13.04.2018

Демалыс күндері, 14-15 сәуірде, Астанада «ASTANA DANCE FEST» халықаралық би байқауы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында арбамен спорттық би билеуден Қазақстан Республикасының чемпионаты және спорттық биден елорданың ашық чемпионаты өтеді.

Турнирге еліміздің өңірлері мен қалаларынан, сондай-ақ, Ресей мен Қырғызстаннан бишілер қатысады. Арбамен билеуден ҚР чемпионатында «Жігер» спорт клубының 9 тәрбиеленушісі елорданың намысын қорғайды. Спорттық биден Астана қаласының ашық чемпионатында №1 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 18 спортшысы күш сынасады.

Турнир «Назарбаев Университеттің» спорт кешенінде (Қабанбай батыр к-сі 53) өтеді. Жарыстар ертең, 14 сәуірде, сағат 15:00 салтанатты түрде ашылады.

Астана қаласының мәдениет
және спорт басқармасы