Астананың спортшылары жүзуден өткен ҚР чемпионатында 16 медаль алды

16.04.2018

Астанада жүзуден Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты және Астана қаласының ашық чемпионаты аяқталды. Турнир 11-14 сәуір аралығында «Қазақстан» спорт сарайында өтті. Жарысқа Қазақстанның 13 облысынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан 18 команда сапында 365 спортшы (2002 ж.т. және одан кіші) қатысты.

№4 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері республикалық чемпионатта елорданың намысын қорғады. Жас спортшылар 406 балл жинап, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Елордалықтар Қарағанды облысыныңспортшыларына (487 балл) және «Алматы-1» командасына (481 балл) есе жіберді. Астаналық спортшылар 4 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль иеленді.

Төрт алтынның бірін Екатерина Болгарская (2003 ж.т.) жеңіп алды. Спортшы 200 м қашықтыққа кешенді жүзуде, сондай-ақ 400 және 800 м қашықтыққа еркін үлгіде жүзуде ел чемпионатында үздік нәтиже көрсетті. Еркін үлгіде 100 м қашықтыққа жүзуде Юлия Демченко (2002 ж.т.) Астананың қорынына тағы да бір алтын медаль салды.

Еркін үлгіде жүзуде 4х100 м эстафетада командалық жарыста қыздар 2-орын алды, ал 4х200 (еркін үлгі) және 4х100 м (біріктірілген) эстафеталарында – екі қола жүлдеге қол жеткізді. Аралас команда 4х100 м эстафетасында күміс (біріктірілген), ал ерлер командасы 4х100 мэстафетасында (еркін үлгі) қола медаль жеңіп алды.

Бұдан басқа, Юлия Демченко «Еркін үлгіде жүзуден үздік спортшы» атанды. Жалпы чемпионатта ол 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленді.

Айта кетейік, Астана қаласының №4 ОРМБЖСМ жүзуден жаттықтырушылар құрамы жүзуден Қазақстан Республикасының чемпионатын ұйымдастыруға және өткізуге белсенді түрде қатысты.

Астана қаласының мәдениет
және спорт басқармасы