Духовное управление мусульман Казахстана

«Орталық бейбітшілік, келісім мен әділеттіктің интеллектуалды зертханасы болып, ғаламдық күн тәртібіне жаңа идеяларды ұсынуы керек. Ол Съездің қатысушыларына жаңа идеялар мен ұсыныстар бере алатын жұмыс құрылымы болуы тиіс».

 Н.Ә. Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзінен

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы (МДХО) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің ІІ съезінде көтерген бастамаларын жүзеге асыру жоспарына сәйкес құрылған.

2008 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес ол осы жылдың қыркүйегінде Бейбітшілік және Келісім сарайында жұмыс істей бастады.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 наурыздағы қаулысына сәйкес, ҚР Мәдениет министрлігінің Діни істер комитеті қарамағына ауысты.

Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанның мәдениетаралық және конфессияаралық диалог орталығы ретіндегі рөлін жаңа деңгейге көтеру. Бұл конфессияаралық келісім мен халық бірлігін нығайту жөніндегі біздің еліміздің тәжірибесін халықаралық дәрежеде танытуға мүмкіндік береді.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы аталған жоспарды орындау мақсатында төмендегі міндеттерді жүзеге асыруда:

– мәдениет және дін саласында қоғамдық қатынастарды үндестіру жөніндегі халықаралық тәжірибені зерттеу және оны қолдану;

– этникаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету;

– этникаралық және конфессияаралық қатынастар тұрғысынан қазақстандық патриотизмді нығайту;

– халықтың рухани сауатын ашуға және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру және оларды өткізу.

Орталық жақын және алыс шетелдік әріптестермен байланыстарды кеңейтуде. Әлемнің көптеген елдерінің осындай орталықтарымен тығыз байланыс орнатылған.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы еліміздің ішінде діни бірлестіктермен, ғылыми зерттеу және талдау орталықтарымен, жетекші жоғары оқу орындарымен, этномәдени орталықтарымен және ҮЕҰ-мен жемісті серіктестік орнату үстінде.

Орталық құрылған сәтінен бастап, Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съездерінің барлық бастамаларын жүзеге асыру ісіне белсенді кірісіп кетті. Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің ІІІ съезін дайындау және өткізуге қатысты. Орталықтың халықаралық қауымдастықта алар орнын ескере отырып, қазіргі таңда Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің IV съезін өткізуге байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге Орталық Съезд жұмысына зайырлы және діни БАҚ-тың, әйелдер және жастар ұйымдарының өкілдерін, ғылыми және шығармашылық интеллигенцияны шақыру арқылы диалогты кеңейтуге ат салысады.

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы саяси және діни көшбасшылардың ілгерінді бастамаларын жүзеге асыру арқылы барлық өркениетті әлем алдында тәуелсіз Қазақстанның мәдениетаралық және конфессияаралық диалог аумағына айналған толерантты мемлекет ретіндегі жаңа деңгейге көтерілуіне белсенді ықпал етеді.

Құрылғаннан бері Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын философия ғылымдарының докторы, профессор Әбуов Айдар Парқұлұлы басқарып келеді. Оның 100-ден астам еңбектері отандық және шетелдік басылымдарда жарық көрген. А.П. Әбуов Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің хатшылығы құрамына кіреді, Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің бастамаларын жүзеге асыру жөніндегі Өкілетті тұлға болып табылады.

Орталықтың кадрлық құрамы Қазақстанның ғалымдары, дінтанушылары, философтары мен саясаттанушыларынан құралған.