Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

Біздің ата-бабаларымыз ислам дінін VIIІ–IX ғасырларда қабылдады. Бұл гуманистік, адамгершіліктің діні мен өркениетінің енуімен қатар қазақ жерінің оңтүстігі мен сыр бойында ғылыми-мәдени және білім ошақтары құрыла бастады. Отырар (Фараб), Испиджаб (Сайрам), Тараз, Баласағұн, Түркістан, Сығанақ, Жент, Баршынкент, Арқұқ және т.б. Бұл қалалардан талай ойшылдар мен ғалымдар шыққан.

ХХ ғасырда Қазақстан тәуелсіздікке ие болған соң, ата-баба діні мен мәдениетін қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды. 1990 жылы дін мәселесімен айналысатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Алайда оның қалыптасу тарихы күрделі болды, себебі бастапқы кезде оның көшбасшыларының қажетті басқару қабілеті мен жеткілікті білімі болмады.

Исламның кең қанат жаюы 2000 жылдан басталды. Сол жылы еліміздің мұсылмандар қауымы өзінің съезінде Діни басқарманың төрағасы және Бас муфтий ретінде Шейх Әбсаттар қажы Дербісәліні сайлаған еді.

Ұлттық мәдениетті жаңғырту алдыңғы қатарға шығатын ауыспалы кезеңде діни, рухани көшбасшының жеке қасиеттері ерекше маңызды. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі – шығыстанушы ғалым, дипломат, біздің еліміздің ғана емес, алыс және жақын шетелдің тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, ислам дінін зерттеуге қосқан үлкен үлесі үшін жоғары бағаланатын белгілі теолог-ғалым. 1977-1997 жылдары Әбсаттар Дербісәлі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да араб тілі мен әдебиеті бөлімінің негізін құрап, шығыс тілдері кафедрасын ұйымдастырған және оның алғашқы меңгерушісі болып қызмет атқарды. Осындай факультет ашылған соң, оның алғашқы деканы, кейін тілдер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор болып қызмет істеді. Сонымен қатар ол тұңғыш рет түрік, урду, жапон, қытай, корей тілдерінің мамандарын дайындауды жолға қойды. Оның басқаруымен шығыстанушы секілді аса қажет мамандық иелерінің тапшылығы проблемасы азайды, 400-ден аса жоғары білікті мамандар дайындалды. Оның шәкірттері арасында ондаған елшілер мен екі министр шықты.

1997-2000 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыртуы бойынша ол Сауд Арабиясы корольдігіндегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі болып қызмет етті. Бірінші санаттағы кеңесші дипломатиялық дәрежесіне ие. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі араб тілі мен әдебиеті, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ежелгі кезеңі, Қазақстанның Шығыс мұсылман елдерімен діни байланыстары, ислам тарихы, Қасиетті Құран мен Мұхаммед пайғамбардың хадистері бойынша 600-ден астам теориялық және практикалық еңбектердің авторы.

Ә.Дербісәлі тұңғыш рет қазақ даласынан шыққан 50 ғалымның өмірбаяндары жөнінде, олар өмір сүрген қоғамның тарихи-әлеуметтік ерекшеліктеріне байланысты құнды  мәліметтерді ғылыми айналымға енгізіп, оларды Ресейдің, Араб және Орталық Азия елдерінің ғылыми мекемелеріндегі қорларда сақталған қолжазба деректер негізінде зерттеп, жүйелендірді. Олардың есімдері бұған дейін қалың жұртшылыққа ғана емес, ғылыми ортада да белгісіз болып келгенін айта кеткен жөн. Ол ортағасырлық мемлекет қайраткері, ғалым, тарихшы, ақын, ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499–1551) өмірі мен қызметін зерттеуге үлкен үлес қосты. Қашғарияға (1994), Пәкістанға (1995), Үндістанға (1998–1999) жасаған сапарлары нәтижесінде ғалымның жерленген орнын тауып, оның қабір тақтасы үстіндегі жазуларын оқып берді. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің көптеген зерттеулерінің нәтижелері БҰҰ (Сеул, 1995) және ЮНЕСКО (Ташкент, 2000; Доха, 2001) форумдарында, сондай-ақ Жапония, Үндістан, Пәкістан, Қытай, Түркия, Йемен, Ирак, Мысыр, Тунис, Марокко, Испания, АҚШ және басқа да елдердің университеттері мен академияларында жарияланды.

Көп жылдар бойы Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстанның Араб елдерімен Достығы ассоциациясы төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болып келді. Араб тілі мен әдебиетін Қазақстанда өзіндік пән ретінде қалыптастыруға қосқан еңбегі үшін Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі 2002 жылы Египет Араб Республикасының 1-ші дәрежелі «Ғылым және өнер» орденімен наградталды. Ол жемісті еңбегі үшін Қазақстанның көптеген үкіметтік наградаларымен марапатталған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфтий осы лауазымға кіріскен сәтінен бастап, халықаралық және республикалық конгресс, конференция, симпозиумдардың жұмысына белсенді қатысып келеді. Ол жерлерде Ә.Дербісәлі ислам, оның рөлі мен республика өміріндегі орны жөнінде Қазақстан атынан баяндамалар оқиды.

Діни келісім және діни еріктілік

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстан халықтарының достығы мен ынтымақтастығын, конфессиялар арасында өзара түсіністік пен өзара құрметті нығайтуға көп күш салуда. Ұлтаралық қатынастар Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі бағыттарының бірі екені белгілі. Бұл ұлтаралық процестер қазақстандық қоғам дамуының қазіргі кезеңінде жоғары қарқынды сипатқа ие.

Сонымен қатар республикада мұндай қатынастар бауырластық, достық, ынтымақтастық, интернационалдық секілді гуманистік құндылықтарға сүйеніп дамуы тиіс. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл мәселеге үлкен назар аударуда. Оның бастамасы бойынша Астана қаласында халықаралық деңгейде танылған әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің үш съезі өтті. 2009 жылы өткен әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің үшінші съезінің қатысушылары Қазақстан басшысының оларды өзінің қарапайымдылығымен және демократияшылдығымен тәнті еткенін бірауыздан атап өтті. Шын мәнінде, кез-келген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев секілді мұндай кездесулерге бастан аяқ қатыса бермейді. Астананың түрлі діни бағыттағы басшылардың диалог алаңына айналуы кездейсоқ емес, себебі әлемдік қауымдастық Қазақстанның дінаралық келісімнің үлгісін көрсетіп отырғанын әлдеқашан мойындаған.

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі мүгедектер қоғамына, балалар үйлеріне, қарттар үйлеріне, түрме, колонияларға, республиканың туберкулез санаторийлеріне, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне және ҚМДБ-на көмек сұрап келетін кез-келген азаматтарға қайырымдылық көмек көрсетеді.

2003 жылы Бас муфтий жер сілкінісінен зардап шеккен Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғындарына, 2005 және 2007 жылдары Қарағанды облысы, Шахтинск қаласында қаза болған шахтерлердің отбасыларына материалдық және қаржылық көмек көрсетті. 2009 жылы Қасиетті Рамазан айында Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі жыл сайынғыдай мүгедектер қоғамы, балалар үйі мен қарттар үйіне қайырымдылық көмегін көрсетті. Жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында 2000 жылы ҚМДБ аппаратында құрылымдық өзгерістер жүргізілді. Қазіргі таңда онда мешіт, шариғат, мұсылман құқығы істері жөнінде; халықаралық байланыс, қажылық және хаттама жөнінде; уағыз және оқу-ағарту жұмыстары жөнінде және т.б. бөлімдер қызмет атқарады.

Діни басқарма бұрын бастары қосылмаған мешіттерді бір ту астына біріктіру үшін көп еңбек етті. Мысалы, арнайы құрылған комиссия мешіттерді санап шықты. 2000 жылы олардың саны 1402 болған болса, соның 284-і ҚМДБ филиалдары екені анықталды. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің басшылығымен мүфтияттың белсенді жұмысының арқасында 2003 жылы республиканың мыңнан астам мешіті бірікті. Бүгінде еліміздегі мешіттер саны 2400-ге жетті, соның 2300-і ҚМДБ құрылымына кіреді.

Діни басқарманың арнайы құрылған комиссиясы мешіт ашу жөніндегі әр өтінішті мұқият қарап, содан кейін ғана өз қорытындысын шығарады. 2009 жылы Бас муфтий Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа өтініш білдіргеннен кейін Астанада 5000 орындық және Алматыда 20000 орындық мешіттердің құрылысы басталды.

Осы мешіттерге имамдарды ҚМДБ дайындайтынын айта кеткен жөн. Кадр дайындау – мұсылмандар үшін өте маңызды мәселе. Сондықтан Бас муфтий сайланғаннан кейін Президентпен алғашқы кездесуінде ол жоғары білікті діни мамандарды дайындау мәселесін көтеріп, Нұрсұлтан Әбішұлынан мысырлықтар Алматыда салған Ислам мәдениет орталығын ҚМДБ-ға беру мәселесінде қолдау көрсетуді сұрады. Елбасы бұл бастаманы құптап, мәселені шешу үшін Египетке үкіметтік комиссияны жіберді. Нәтижесінде Алматыда екі ел президенттерінің есімдеріне ие болған «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды. Ол Қазақстандағы жоғары ислам діни оқу орны болып табылады. Университет жоғары білікті имам, исламтанушы, араб тілі мен әдебиетінің ұстаздары, аудармашылар және басқа да бүгінгі талаптарға сәйкес келетін мамандар дайындауда. Университет жанында ислам доктриналары мен араб тілін оқытатын курстар ұйымдастырылған. Қалашық аумағында оқу ғимараты, имам үйі, бір мезгілде мың адам намаз оқи алатын биік мешіт орналасқан.

Кадрлық құрамы

Имамдардың діни даярлығы – ҚМДБ жұмысының маңызды бағыты. Тек терең білімді, діннің барлық нюанстарын жақсы білетін имам ғана исламның түрлі ағымдарының арасындағы айырмашылықты жұртқа түсіндіріп бере алады. Сондықтан ҚМДБ-ға имамдардың біліктілігін арттыратын Республикалық ислам институты қажет болды. Оның мақсаты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мешіттерінде қызмет ететін имамдардың діни білім деңгейі мен біліктілігін арттыру, жетілдіру болып табылады. Алайда оны құру үшін ҚМДБ-да ғимарат та, қаржы да болмады. Сол кезде муфтий Ислам даму банкінен көмек сұрады. Олар қуана қол ұщын берді – болашақ институт үшін Алматыдан екі қабаттық ғимаратты сатып алып, оған күрделі жөндеу өткізді. Онда оқу кабинеттері, намазхана, медициналық бөлме, кітапхана, асхана және жатақхана ашылды. 2002 жылы институт есігін айқара ашып, ҚМДБ оның алғашқы семестріне (4 ай созылады) 40 имамды қабылдады. ҚМДБ 700 адам жинаған алғашқы республикалық имамдар семинарын 2000 жылы өткізді.

ҚМДБ-ның басқа міндеті – имамдардың діни мәртебеге сәйкес өмір сүру қалпын, адамгершілік бейнесін қалыптастыру. Олардың арасында үздік уағыз жүргізу жөнінде байқаулар өтіп отырады. Олар үш деңгейде – ауылдық, аудандық, облыстық деңгейлерде өткізіледі. Аймақтық кезеңдердің жеңімпаздары Алматыдағы орталық мешітке жұма намазында уағыз айтуға шақырылады. Астанадағы «Нұр-Астана» мешітінің жанында Діни басқарма қарилыққа – Құран Кәрімді жатқа білетін әрі оны мәнерлеп оқи алатын адамдарды дайындайтын орталық ұйымдастырды. Сонымен қатар республиканың ірі мешіттерінде қарилар мен хафиздер (Қасиетті Құранды жатқа білетін адамдар) Алладан еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын жалбарынып, Қасиетті кітапты түгел оқып шығады. Бұл құдайға құлшылық етудің маңызды түрі, сауапты іс болып саналады.

2000 жылы Қасиетті Құран кәрімді мәнерлеп оқу бойынша алғашқы республикалық байқау ұйымдастырылды. Ақтық кезеңге 42 үміткер іріктеліп алынды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды. Мұндай жарыс 2004 және 2008 жылдары да өткізілді. Діни басқарма тарапынан 2000-2009 жылдары Малайзия, Үндістан, Египет, Сауд Арабиясы мен Түркияда өткен Қасиетті Құран Кәрімді мәнерлеп оқу бойынша халықаралық конкурстарға жіберілген қазақстандық қатысушылар мен жүлделі орын иелері отанға оралған соң наградаларға ие болды.

2000 жылдан бері Діни басқарма жанында «Ислам және өркениет» атты республикалық діни-танымдық газеті шығарылады. Бұл басылымда ҚМДБ қызметі, рухани істер мен ұлтаралық келісім туралы материалдар және оқырмандар сауалына жауап жарияланады. ҚМДБ рухани саулық мәселесіне, исламның қоғамда алатын орны мен рөліне, ұлтаралық және конфессияаралық келісімге үлкен назар аударып келеді.

 «Литер» республикалық газетінің ақпараты бойынша