Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Құрметті әріптестер!

Саяси қуғын-сүргін және
тоталитаризм құрбандарының
“АЛЖИР” мемориалды мұражай
кешенінің директоры
Б. Ж. Жүнісбековтің
баяндамасының тезистері

Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы!

Құрметті әріптестер!

Баршамыз осы жақында ғана туған Отанымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін атап өттік. Ал, Негізгі Заң халқымыздың дамуы мен өсіп-өркендеуінің кепілі екені белгілі. Онда еліміздің “нарықтық экономикаға негізделген әлеуметтік қоғамда” өмір сүретіні атап көрсетілген.

Олай болса, республика Президентінің “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласы мемлекетіміздің бас құжатында бекітілген әлеуметтік кепілдікке толыққанды қол жеткізудің нақты тетігі деп айту әбден лайық. Бұл жерде біз толыққанды деген сөзді жайдан-жай ала салғанымыз жоқ. Басты мәселе – адамның әл-ауқатын арттыру үшін Үкімет тарапынан жасалып отырған жан-жақты шараларға бұдан былай сол азаматтың өзінің белсенді қатысуында болып табылады.

Елбасы өз туындысында барлық қазақстандықтарды ел игілігі жолындағы белсенді еңбекке шақырып, бүгінде еңбектің шешуші ұлттық фактор екеніне баса назар аударады.

Ал, осы шақырудың тап қазір дүниеге келуінің себеп-салдарлары қандай?

Өздеріңіз білесіздер, халқымыз тәуелсіз дамудың 20 жылдық шебінен ойдағыдай асты. Бұл – бүкіл дүние жүзі мойындаған шындық. Алайда, мақалада жазылғандай, халықаралық қауымдастық аса күрделі жағдайды бастан кешіруде. Жаһандық деңгейдегі дағдарыс үлкен-кішісіне қарамай, елдердің баршасына қатысты болып отыр.

Осының бәрі қай мемлекеттен болсын кесімді әлеуметтік саясат жүргізуді талап етеді. Соған орай республика Президентінің назарындағы басты мәселе әр қазақстандыққа қамқорлық жасау екенін барша жұрт көріп те, біліп те отыр. Алысқа бармай-ақ, биылғы жылдың басында, яғни 27-ші қаңтарда Елбасының “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” деп аталатын республика халқына Жолдауын жариялағанын айтсақ та жеткілікті.

Қазір біз үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді пайдаланудың тиімді тепе-теңдігін қамтамасыз етудің өмірлік маңызы ерекше. Мақалада әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші міндеттері тап осыған тығыз байланысты екені атап көресетілген. Демек, ел алдында тұрған ендігі міндеттердің дені біздің азаматтарымыздың тұрақтылық пен игілік жемістерін қаншалықты тиімді пайдаланып отырғанына келіп саяды.

Елбасының биылғы Жолдауында Үкіметке берілген нақты тапсырмаларға сәйкес мемлекеттік механизм жұмыс жасауда. Алайда, мемлекет басшысын Жолдаудың орындалу қарқыны мен сапасы қанағаттандырмайды. Бұл арада, ең бастысы, әлеуметтік мәселелерді кейінге қалдырмауда болып отыр.

Сондықтан жаһандық тұрақсыздық жағдайында оның дауылдарына қарсы тұру үшін Қазақстан қоғамы қандай болуы керек?

Біздің жүзеге асырылмаған резервтеріміз бен мүмкіндіктеріміз қандай?

Әлеуметтік саясат орнықты және жасампаз болуы үшін тағы да не істеу керек?

Аталмыш мақаладан осы бір аса өзекті деген сауалдарға жан-жақты және негізді жауаптар табамыз.

Қазір шынында да және өкінішке қарай, өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарындағы тұтынушылық қоғам елесі тағы да айқын сезілуде. Мұны осында отырған көпшілігіміздің бастан кешкеніміз күні кеше. Жасыратын несі бар, әсіресе қаладағылар кесімді жалақыны күтіп, теледидар алдында қол қусырар едік. Себебі, сол бір социалистік дейтін қоғамда “әлемнің әміршісі – еңбек!” – деп, қанша ұрандатқанмен еңбектегі теңгермешілдік оны жасампаз жасай алмады. Қайта, керісінше, қоғамда “алма піс, аузыма түс” деген масылдық пиғыл етек жайды.

Шынтуайтына келгенде, бүгінгі жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірі де осы тұтынушылық қоғам идеологиясының бүлдірушілік әрекеті екені Елбасының мақаласында басы ашып көрсетіледі. Европа Одағы елдеріндегі көшеге шыққан адамдардың дауықпа талаптарын естігенде олардың нақты еңбекпен келмеген табысқа әбден бауыр басқанын, қалыптасқан нақты жағдаймен еш есептескісі келмейтінін байқаймыз. Тірліктің нағыз еркелері де, міне солар. Ал, мұндай мінез-құлық біз үшін мүлде жарамсыз әрі теріс “үлгі” екені анық.

Елбасы жаңа еңбегінде осындай жалған елеске балама ретінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынады. Бұл жерде ешқандай өзіндік идеология ойлап шығарылмайды. Турасын айтқанда, барлық құндылықтар, барша экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалатыны нақты мысалдармен нанымды көрсетіледі. Онда біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізі ретінде шынайы өндірістік еңбек алынады. Баршамыз жақсы білетіндей, кәсіби жолын “ақ саусақтар” секілді кабинетте немесе паркетте емес, жұмысшы-металлург ретінде бастаған республика Президентіне жұмысшы адамның мұң-мұқтажы жақсы таныс және еңбек адамының беделін көтеруге ол аса мүдделі.

Елбасының бастамасы бойынша, бүгінде еңбек ХХI ғасырда шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында алдыңғы кезекке шығуы тиіс. Мемлекет басшысы халықтың еңбек адамының беделін көтеру туралы пікірлерімен жұртшылықпен кездесулерден және жер-жерден келген хаттаран жақсы хабардар. Сондықтан ол жаңғырту үдерістерінде қандай тәуекел барын баршы халықтың түсінгенін қалайды.

Демек, біз қандай міндеттерді бірінші кезекте жүзеге асыруға тиіспіз?

Бірінші. Бізде экономикалық және әлеуметтік жаңғырту барынша синхронды жүруі тиіс. Жаңа өндірістер, білім беру мен ғылымның жаңа жүйелері, орта тапты дамыту, әлеуметтік кепілдемелерді ке­ңей­ту арқылы қазақстандықтар санасында үлкен өзгерістер қалыптастыру көзделеді.

Екінші. Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, жаңғырту үдерістері азаматтар белсенділігінің күшеюімен ерекшеленеді. Адам­дар­дың өзінің құқықтары мен бостан­дық­тарын белсенді қорғауға деген ұмты­лыс­тары кеңейіп, қоғамның өзін өзі ұйым­дастыру дәрежесі жоғарылайтын болады.

Үшінші. Бүгінде қоғамда жалпы білім беретін мектептердегі тәрбие үдерістерін аса ерте кезеңнен бастап егу, мемлекет – шетсіз-шек­сіз донор емес, азаматтар әл-ауқа­ты­ның өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес деген ұстаным қалыптастыру маңызды. Бұл масылдыққа жол жоқ дегенді білдіреді.

Төртінші. Әлеуметтік жаңғырту жо­лындағы айтарлықтай кедергі әлеу­мет­тік инфантилизм секілді кең тараған құбылыс болып табылады. Оның негізінде 90-шы жылдардағы «жабайы капитализмнің» өтпелі бастап­қы кезеңінде «жабысқан» еңбекке өңі айналдырылған, теріс көзқарас жатыр. Бұл игілікке жетудің алдамшы формуласы – «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқаларды абсолютке көтерді.

Бесінші. Қазақстан тәуелсіз даму жылдарында әлеу­мет­тік саланы реформалаудың бірқатар параметрлері бо­йынша ТМД елдерінің алдын орап, өз әріп­тес­терінен ілгері озып кетті. Бұл зейнетақы, банк, несие-қаржы жүйелері, ішінара білім беру мен денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты.Бізде көп жағдайда масылдық деңгейі төмендеді. Енді әр адам мамандығы мен лауазымына қарамастан, өзінен: мен бірінші кезекте өз басымдағы инерцияны жеңу үшін не істедім? – деп сұрауы тиіс.

Олай болса, Елбасы ұсынып отырған әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары қандай? Енді осыған келейік.

Баршаға мәлім, Жолдау-2012 әлеуметтік саладағы жаңғырту үдерістеріне қуатты серпін берді. Алайда, іс жүзінде әзірше проблематикалардың ең үстіңгі «қабаты» ғана «ашылды». Осы себепті, олар одан әрі шешуді қажет етеді. Сондықтан, әлеуметтік жаңғыртудың барлық мемлекеттік органдар басшылыққа алуы тиісті үдерістерін түсінудің біртұтас пішінін айқындау маңызды. Және бұл түсінік барша халыққа қолжетімді болуы тиіс.

Бүгінде әлеуметтік жаңғыртудың мақсат­тар­ы мен мәні қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайындағы өмірге дайындаудан, Қазақстанның үдемелі эконо­ми­ка­лық дамуы мен қоғамдық игіліктермен кең кө­лем­ді қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-тең­дікті табудан, құқық пен әділеттілік қағидат­тары­на негізделген әлеуметтік қатынастарды бекітуден тұрады.

Жаңғырту үдерістері шеңберінде қандай ма­ңыз­ды міндеттерді шешу қажет? Бұған Елбасының еңбегінде былайша жауап беріледі:

1. Жанжалды жағдайларды ескертудің, реттеу мен шешудің әділетті заңдары мен нақты құқықтық нормаларын, сондай-ақ әлеуметтік қатынастардың барлық жүйесінің қызметін қабылдап, іске қосқан ұтымды.

2. Қазақстандықтардың сапалы әлеуметтік үлгі-қалыптары мен кәсіби біліктілігі жүйесін, әсіресе экономикалық белсенді тұрғындардың арасында жасап енгізу міндеті тұр.

3. Негізінде мемлекеттің, жеке сектор мен кәсіби бірлестіктердің әріптестік механизмдері болатын әлеуметтік-еңбек қарым-қаты­на­сы­ның тиімді моделін құру маңызды.

4. Қазақстандықтардың өмірінде өзін өзі ұйымдастыру, оның ішінде жергілікті өзін өзі басқару органдары бастауын дамытып, азамат­тар­дың әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруда нақты тетік болуы тиісті азаматтық қоғам институттарын «заманалыққа айналдыру» керек.

5. Қазақстан қоғамы өмірінің ақпараттық құрамдасын біршама жоғарылатып, Интернет-технологияның мүмкіндіктерін азаматтарды ақпа­рат­тандыру, сондай-ақ мемлекет пен тұрғын­дар­дың тұрақты «кері байланысын» нығайту мәселелерінде де кеңейту міндеті тұр.

6. Орта таптың үздіксіз өсуіне, инновациялық экономиканың басты қозғаушы күші – креативті таптың пайда болуы мен дамуына жағдай жасау маңызды.

7. Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен биз­нес­тің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қыз­меті мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет.

8. Жаңғыртудың маңызды аспектісі – Қазақстанда биліктің барлық деңгейіндегі сарапшылар мен менеджерлердің кәсіби корпусымен «тігінен» және «көлденеңінен» құрылған әлеуметтік үдерістердегі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру.

Міне, барлық мемлекеттік органдар осы міндеттерді шешуге бағдарлануы тиіс.

Жаңғырту үдерістерінің табыстылығы көп жағдайда оның қандай қағидаттар бойынша жүзеге асырылатынына байланысты болады. Олар қандай қағидаттар?

Біріншіден, бұл ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ қағидаты. Ешқандай да «алға озу» болмауы тиіс. Әлеу­меттік саладағы барлық өзгерістердің даму деңгейі­мен Қазақстан экономикасының мүмкіндіктеріне сәйкес келуі талап етіледі.

Екіншіден, ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК қа­ғи­даты. Жаңғыртудың табыстылығы үшін әрбір азаматтың өз Отанына пайдалы болуы өте маңызды. Жаңғырту барлық қазақстандықтарға қажет.

Үшіншіден, ӘРІПТЕСТІК ҚАТЫСУ қағидаты.Барлық жұмыс мемлекеттің, бизнес пен азаматтың тығыз өзара іс-қимылы негізінде құрылуы тиіс

Төртіншіден, ЫНТАЛАНДЫРУ қағидаты.Мемлекет қазақстандықтар өз бетінше өзінің өмір сапасын жақсарта алулары үшін жағдайлар жасауда. Бірақ, Мемлекет көмектеспеуге болмайтын жерлерге ғана көмек қолын созатын болады. Ал, азамат өзінің қолынан келетін шаруаны өзі атқаруы тиіс.

Бесіншіден, КӘСІБИЛІК қағидаты.Барлық қабылданатын шешімдер егжей-тегжейлі есептеліп, әлемдік тәжірибені оқып-үйрену негізінде ғылыми дәлелденген ұтымдылық қаперге алына отырып қабылдануы тиіс.

Осы кәсібилік қағидатына байланысты жеке ұжымдар деңгейінде, мынаны айтуға болады. Өздеріңіз білесіздер, әрбір адам бір шаруамен айналасады. Бірақ, алдындағы міндетін дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келмейді. Осы арада даңғой дабыра мен даңғазалық арқылы бедел жинайтындар мен артық жарнамасыз жұмыс жасайтын кәсіби мамандарды ажырата білу керек-ақ. Жарқылдақтардың қашанғы жолдары бола бермек? Міне, әділеттілік қайда?! Еңбектің басты өлшемі де осы болуы тиіс дегенмен келіссеңіздер керек.

Әлеуметтік жаңғырту, мақалада айтылғандай, «тіптен де мемлекет» үшін жасалмайды, ол әрбір нақты азаматқа қызмет етіп, пайда әкелуі тиіс.

Тағы бір назар аударатын жайт, Индустриялық-инновациялық дамудан тыс ешқандай жаңғырту мүлдем мүмкін емес.

Осыларды айта келе Елбасы Үкіметке “Нұр Отан” Халықтық-демократиялық партиясымен бірлесе отырып атқаруы тиіс 20 тапсырма берді. Олар әлеуметтік заңнамаларды жаңғыртудан бастап, ұлттық заңдарды түгендеу, әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді үлгілерін қалыптастыру, еңбек заңдарының негіздеріне оқыту және кәсіптік одақтар туралы заңнаманы жетілдіру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім, мәдениет пен спорт салаларын қамтиды. Соның бәрі адамға қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, азаматты дамытуға ықпал жасаулары тиіс.

Мемлекет басшысы өз сөзін барлық қазақстандықтарға арнап отыр. Біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫН құруға бағытталуы тиіс. Шынында да болашақта ХХІ ғасырда тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстандықтардың ӘЛ-АУҚАТҚА және жаңа ӨМІР САПАСЫНА қол жеткізуін қамтамасыз ете алады.

Рас, біздің бәріміз де пендеміз. Алдымен өз отбасымыздың, бала-шағамыздың амандығы мен табыстылығын тілейміз. Ал, егер сол пендешіліктен сәл ғана жоғары тұра алсақ, ең алдымен туған еліміздің іргесінің бүтін, мәртебесінің биік болғанын тілер едік. Солай ойлайтын күн де алыс емес.

Сондықтан, құрметті әріптестер, баршаңызды әлеуметтік жаңғырту саясатына қолдау көрсетуге және оны жүзеге асыруға мейлінше мүдделі түрде атсалысуға шақырамын.